25 қыркүйек 2019

 

Жекешелендіру объектілерін аукцион, тендер нысанында сату тәртібі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы № 920 қаулысымен бекітілген, Жекешелендіру объектілерін сату қағидаларымен реттеледі.

           

Жекешелендіру объектісі – мүлiктiк кешен ретiндегi кәсіпорын; жекешелендiрiлуi тұйық технологиялық тізбекті бұзбайтын мүлiктiк кешен ретiндегi кәсiпорынның өндiрiстiк және өндiрiстiк емес бөлiмшелерi мен құрылымдық бiрлiктерi; мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкi; акционерлік қоғамдардың акциялары; жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктердiң жарғылық капиталындағы қатысу үлестері; акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларына құқықтарды куәландыратын туынды бағалы қағаздар болып табылады.

           

Сауда-саттықтардың қатысушы белгiленген тәртiппен тiркелген жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға болып табылады.

           

Аукцион, тендер нысанындаға сауда-саттықтар мемлекеттік мүлік тізілімнің веб-порталы арқылы жүргізіледі (www.gosreestr.kz мекенжайы бойынша Интернет желісінде орналастырылған, мемлекеттік мүлік тізілімінің сату объектілері жөніндегі электрондық дерекқорға бірыңғай қол жеткізу нүктесін ұсынатын интернет-ресурс).

           

Бірыңғай оператор тізілім веб-порталының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ сауда-саттыққа қатысушылардың кепілдік жарналарын қабылдайды.

           

Бірыңғай оператор:

           

1) сатушы қол қойған кепілдік жарнаны аударуға өтінім негізінде сауда-саттықта жеңген қатысушының кепілдік жарнасын тізілімнің веб-порталында ЭЦҚ пайдалана отырып сатушының бюджет сыныптамасының тиісті кодына аударады;

           

2) қатысушылар қол қойған кепілдік жарнаны қайтаруға өтінімдер негізінде тізілімнің веб-порталында ЭЦҚ пайдалана отырып, сауда-саттықтың басқа қатысушыларына кепілдік жарнаны қайтарады.

 

Кепілдік жарна – сауда-саттыққа қатысу үшін жекешелендіру объектісінің алғашқы бағасының 15 %-ы мөлшерінде жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға енгізетін, бірақ 30 000 еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын ақша сомасы.

 

Сауда-саттыққа қатысушыларды тіркеу хабарлама жарияланған күннен бастап жүргізіледі және аукцион, тендер басталғанға дейін екі сағат бұрын аяқталады.

 

Аукционға тендерге және жабық тендерге қатысу үшін мыналарды:

            1) жеке тұлғалар үшін: жеке сәйкестендіру нөмірін (бұдан әрі – ЖСН), тегін, атын, әкесінің атын (бар болса);

            2) заңды тұлғалар үшін: бизнес сәйкестендіру нөмірін (бұдан әрі – БСН), толық атауын, бірінші басшының тегін, атын, әкесінің атын (бар болса);

            3) кепілдік жарнаны қайтару үшін екінші деңгейдегі банктегі есеп айырысу шотының деректемелерін;

            4) байланыс деректерін (почталық мекенжайы, телефоны, факс, е-mail) көрсете отырып, тізілімнің веб-порталында алдын ала тіркелу қажет.

            Жоғарыда көрсетілген деректер өзгерген кезде қатысушы бір жұмыс күні ішінде тізілімнің веб-порталына енгізілген деректерді өзгертеді.

            Аукционға, тендерге және жабық тендерге қатысушы ретінде тіркелу үшін осы Қағидаға қосымшаға сәйкес нысан бойынша қатысушының ЭЦҚ қойылған сауда-саттыққа қатысуға өтінімді тізілімнің веб-порталында тіркеу қажет.

            Тендерге және жабық тендерге қатысушылар сауда-саттық шартымен келісуді қамтитын өтінімді және сауда-саттықты өткізу туралы хабарламада көрсетілген қатысушыларға (сатып алушыға) қойылатын қосымша талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттардың электрондық (сканерленген) көшірмелерін қоса бере отырып, тізілімнің арнайы бөлінген веб-парақшасында электрондық конвертке жүктелетін баға ұсынысын тіркейді.

Аукционға жіберілген қатысушыға тізілімнің веб-порталы беретін аукцион нөмірі бойынша аукцион залына кіруге рұқсат беріледі.

            Аукционға қатысушылар аукцион басталғанға дейін бір сағат ішінде ЭЦҚ мен аукцион нөмірін пайдалана отырып, аукцион залына кіреді. Аукцион жекешелендіру объектісінің бастапқы құнын аукцион залында автоматты түрде орналастыру жолымен сауда-саттықты өткізу туралы хабарламада көрсетілген Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша басталады.

            Бағаны көтеру бойынша аукционның жеңімпазы, ең жоғары бағаны берген қатысушы болып танылады.

            Бағаны төмендету бойынша аукционның жеңімпазы, жарияланған баға бойынша жекешелендіру объектісін сатып алу ниетін бірінші болып растаған қатысушы болып танылады.

            Жекешелендiру объектiсi үшiн ең жоғары бағаны ұсынған қатысушы жеңiмпаз деп танылады. Егер тендерде немесе жабық тендерде екi және одан көп қатысушының ұсынысы бірдей ең жоғары бағаны қамтитын болса, онда осы қатысушылардың арасында қатысушылардың басқа өтінімдерінен өтінімі бұрын қабылданған қатысушы тендердің немесе жабық тендердің жеңімпазы болып танылады.

Әрбір сатылған жекешелендіру объектісі бойынша аукцион нәтижелері сауда-саттық нәтижелері туралы электрондық хаттамамен ресімделеді, оған сатушы және жеңімпаз ЭЦҚ пайдалана отырып, сауда-саттық өткiзiлген күнi тізілімнің веб-порталында қол қояды.

Сауда-саттық нәтижелері туралы хаттама аукцион нәтижелерін және жеңімпаз бен сатушының жекешелендіру объектісін сату бағасы бойынша сатып алу-сату шартына қол қою міндеттемесін белгілейтін құжат болып табылады.

Сатып алу-сату шарты электрондық форматта тізілімнің веб-порталында жасалады және сатушы мен сатып алушы ЭЦҚ пайдалана отырып сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға қол қойылған күннен бастап күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімде оған қол қояды.

Сауда-саттықта ұтқан тұлға сауда-саттық нәтижелерi туралы хаттамаға немесе сатып алу-сату шартына қол қоймаған кезде өзі енгізген кепілдік жарнасын жоғалтады және сатушыға кепілдік жарнамен жабылмаған бөлігінде оның іс жүзінде шеккен залалын өтейді.

Жекешелендіру объектiсiн беру, сатып алу-сату шарты бойынша сатып алушы сату бағасын толық төлеген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей қабылдап алу-беру актiсi бойынша жүргiзiледi.

Қол қойылған қабылдап алу-беру актісі сатылған жекешелендіру объектісіне меншік иесінің өзгеруі туралы мемлекеттік тіркеуді жүргізу үшін негіз болып табылады.

Жылжымайтын мүлікті жекешелендіру кезінде Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жер учаскесіне құқық сатып алушыға өтеді.

     

Жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын сатып алушы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жеке төлейді.