Жамбыл облысы әкімдігінің

2016 жылғы «11» шілдедегі 

№ 213 қаулысымен бекітілген 

 

«Жамбыл облысы әкімдігінің қаржы  басқармасы»
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің
Ережесі


1. Жалпы ережелер


1. «Жамбыл облысы әкімдігінің қаржы басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) облыс бюджеттінің атқарылуын қамтамасыз ету және облыстық коммуналдық меншіктегі мүліктерді басқару функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.


2. Басқарманың ведомстволары жоқ.


3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы ережеге сәйкес жүзеге асырады.


4. Басқарма ұжымдық – құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.


5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.


6. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.


7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.


8. Басқарма құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.


9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: пошталық индексі 080012, Қазақстан Республикасы, Жамбыл облысы, Тараз қаласы, Желтоқсан көшесі, 78


10. Мемлекеттік органның толық атауы – «Жамбыл облысы әкімдігінің қаржы басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.


11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.


12. Басқарма қызметін қаржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге асырылады.


13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарма функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

 

2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері


14. Басқарманың миссиясы - облыстық бюджеттің толық және уақытылы атқарылуын және облыстық коммуналдық меншіктегі мүліктерді тиімді басқарылуын қамтамасыз ету.


15. Міндеттері:


1) бюджетті атқару саласындағы функцияларды жүзеге асыру, бухгалтерлік есеп, бюджеттік есеп және жергілікті бюджеттің атқарылуы бойынша есептілікті жүргізу;


2) облыстық коммуналдық меншікті басқаруды және жекешелендіруді ұйымдастырады, оны қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асырады.


16. Функциялары:


1) облыс бюджетінің атқарылуын ұйымдастыру және облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің, аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеттерін атқару жөніндегі уәкілетті органдардың қызметтерін үйлестіру;


2) облыстық бюджеттің міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын жасау, бекіту және жүргізу;


3) облыстық бюджеттің міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына, түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер енгізу;


4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджетке түсетін түсімдердің толық және уақтылы есепке алынуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізу;


5) бюджет ақшасын басқаруды жүзеге асыру;


6) облыстық бюджеттің қолма-қол ақша легінің болжамын жасау;


7) облыстық бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы ақша қозғалысы мониторингін жүргізу;


8) мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) өткізуден түсетін өз билігінде қалатын ақша түсімдері мен шығыстарының жиынтық жоспарларын келісу;


9) жергілікті атқарушы органның секвестр жүргізу туралы қаулысының негізінде облыстық бюджетті түзетуді жүзеге асыру;


10) азаматтық-құқықтық мәмілелердің тіркелуін жүзеге асыруды және секвестрлеу белгіленген бюджеттік бағдарламалар бойынша төлемдер жүргізуді тоқтата тұру;


11) бюджеттік мониторингті жүзеге асыру;


12) бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен шоғырландырылған қаржылық есептiлiктi жасау және ұсыну;


13) облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есебін жасау және облыс әкімдігіне, облыстың тексеру комиссиясына, облыстың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органына, Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі органға беру;


14) ай сайын және жыл қорытындылары бойынша Бюджет кодексінің 124-бабында көзделген есептерді жасау және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсыну;


15) жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттік концессиялық мiндеттемелерінің орындалуына мониторингін жүргізу;


16) облыс мәслихатының шешiмi негiзiнде жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттік концессиялық мiндеттемелерін қабылдау;


17) жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттік концессиялық мiндеттемелерiн орындау;


18) облыстық бюджет есебінен бюджеттік кредит беруді қамтамасыз ету, кредит шарты талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асыру;


19) бюджеттік кредитке қызмет көрсету;


20) бюджеттік кредиттің нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуын және ол бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін жағдайдың болуын бақылау;


21) бюджеттік кредиттер бойынша бюджеттік мониторинг жүргізуді және нәтижелерді бағалауды жүзеге асыру;


22) қарыз алушылар мен сенім білдірілген өкілдер (агенттер) тұрғысында барлық берілген бюджеттік кредиттердің тізілімдерін жүргізу;


23) қолма-қол ақшаны бақылау шоттарын ашуға рұқсатнама беру, мемлекеттік мекемелерге кодтар беру және жабу;


24) облыстық бюджеттен қаржыландырылатын  мемлекеттік органдардың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының бюджет қаражатын басқару бойынша қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізу;


25) облыс әкімдігінің бюджет қаражатын басқару бойынша қызметінің тиімділігін бағалау үшін мәліметтерді жинақтау және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсыну;


26) мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін облыстың жергілікті атқарушы органының мемлекеттік бағалы қағаздарын шығару, орналастыру, айналысқа қосу, оларға қызмет көрсету және өтеу бойынша рәсімдерді жүргізу;


27) облыстық коммуналдық меншікте тұрған акцияларының пакеттері мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдарды және  мемлекеттің қатысу үлесі бар серіктестіктерді басқарады, олардың басқару органдарында мемлекеттің мүдделерін білдіреді;


28) облыстық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың таза кірістерінің акционерлік қоғамдар акцияларының мемлекеттік пакеттеріне дивидендтердің және облыстық коммуналдық меншікте мемлекеттің қатысу үлестері бар заңды тұлғалардың қатысу үлестеріне кірістердің дұрыстығын бақылайды;


29) Ұлттық компаниялардың даму жоспарының мониторингін жүзеге асыру;


30) облыстық коммуналдық мүлікті облыстық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіп береді;


31) облыстық маңызы бар қаланың, ауданның коммуналдық мүлкінің деңгейіне облыстық коммуналдық мүлікті беру туралы шешім қабылдайды;


32) облыстық коммуналдық мүлікті пайдалану туралы, оның ішінде оны кепілге, жалға, өтеусіз пайдалануға және сенімгерлікпен басқаруға беру жөнінде шешім қабылдайды;


33) облыстық коммуналдық мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына немесе акционерлік қоғамдардың акцияларын төлеуге беру туралы шешім қабылдайды;


34) облыстық коммуналдық мүліктің есепке алынуын ұйымдастырады;


35) облыстық коммуналдық мүлікті жекешелендіруді жүзеге асырады, оның ішінде жекешелендіру үдерісін ұйымдастыру үшін делдалды тартуы мүмкін, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз ету, жекешелендіру объектісінің сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;


36) облыстық коммуналдық мүлікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға мүліктік жалдауға (жалға алуға), кейіннен сатып алу құқығымен немесе сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне кейіннен өтеусіз беру құқығымен береді;


37) облыстық коммуналдық мүлікті сенімгерлік басқару шарты бойынша міндеттемелерді сенімгерлік басқарушының орындауын, мүліктік жалға беру (жалдау) шарттары талаптарының сақталуына мониторинг жүргізеді;


38) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттік емес заңды тұлғалардың және жеке тұлғалардың мүлік құқықтарын қабылдауды жүргізеді;


39) өзіне осы Ережеде және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.


17. Құқықтары мен міндеттері:


1) мемлекеттік органдардан, жергілікті атқарушы органдардан, өзге де ұйымдардан және жеке тұлғалардан Басқармаға жүктелген функцияларды жүзеге асыруға қажетті ақпараттарды сұратуға және алуға;


2) тиісті бюджеттік комиссияның мәслихаттың жергілікті бюджет туралы шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстары негізінде бюджет қаражатын қысқарту туралы шешім қабылданған бюджеттік бағдарламалар бойынша операцияларды тоқтата тұруға;


3) коммуналдық меншікте тұрған акционерлік қоғамдардағы мемлекеттік үлеске және коммуналдық басқа да мүлікке иелік етуге, пайдалануға, сондай-ақ, заңнамалық актілерде және Қазақстан Республикасы белгілеген жағдайларда билік етуге құқығы бар.


3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру


18. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.


19. Басқарманың бірінші басшысын Жамбыл  облысының  әкімі  қызметке  тағайындайды  және қызметтен босатады.


20. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.


21. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:


1) мекеме басшысы дара басшылық принципімен әрекет етеді және мекеме қызметіне байланысты барлық мәселені уәкілетті орган берген құзыретінің шегінде және осы Ережеге сәйкес дербес түрде шешеді;


2) Басқарма  атынан сенімхатсыз әрекет етеді;


3) барлық органдарда Басқарма мүддесін қорғайды;


4) Басқарма мүлкіне  қожалық етеді, келісім жасайды, сенімхаттар береді;


5) банкіде есепшоттар ашады, іс бойынша  келісім жасайды;


6) барлық қызметкерлерге міндетті болып табылатын бұйрықтар шығарады және тапсырмалар береді;


7) Басқарма қызметкерлерін  жұмысқа қабылдайды және жұмыстан шығарады;


8) қызметкерлерді марапаттау және  оларға шара қолдануды анықтайды;


9) Басқарманың құрылымдық  бөлімшелері  туралы Ережені бекітеді;


10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қабылдайды және жемқорлыққа қарсы шараларды қабылдауға дербес жауапкершілік көтереді.
Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.


22. Бірінші басшысы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.


4. Мемлекеттік органның мүлкі


23. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.


Басқарма мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.


24. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.


25. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.


5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату


26. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.