Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы


МАЗМҰНЫ


Осы Заң жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн iске асыру және қорғау мақсатында олардың өтiнiштерiн беру мен қарауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi. 


1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар 


Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады: 


1) арыз - адамның өз құқықтары мен бостандықтарын немесе басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын iске асыруда жәрдем көрсету туралы өтiнiшхаты не заңдардың және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң бұзылуы, өтiнiштердi қарайтын субъектiлердiң, лауазымды тұлғалардың жұмысындағы кемшiлiктер туралы хабарлама не олардың қызметiн сынау; 


2) иесi бүркемеленген өтiнiш - ол бойынша авторын белгiлеу мүмкiн емес, қолтаңбасы, оның iшiнде электрондық цифрлық қолтаңбасы, арыз берушiнiң почталық мекен-жайы жоқ өтiнiш; 


3) қайта жасалған өтiнiш - бiр тұлғадан бiр мәселе бойынша кемiнде екi рет келiп түскен: 


осының алдындағы өтiнiш бойынша қабылданған шешiмге шағым жасалған; 


егер бұрын жiберiлген өтiнiш келiп түскен уақыттан бастап белгiленген қарау мерзiмi өтiп кетсе, алайда арыз берушi жауап алмаған болса, оның уақтылы қаралмағаны туралы хабарланған; 


осының алдындағы өтiнiштi қарау және ол бойынша шешiм қабылдау кезiнде жiберiлген басқа да кемшiлiктер көрсетiлген өтiнiш; 


4) өтiнiш - өтiнiштi қарайтын субъектiге немесе лауазымды тұлғаға жiберiлген жеке немесе ұжымдық жазбаша, ауызша не электрондық цифрлық қолтаңбамен расталған электронды құжат нысанындағы ұсыныс, арыз, шағым, сауал немесе үн қосу; 


5) өтiнiштердi қарайтын субъектiлер (бұдан әрi - субъектiлер)  - мемлекеттiк органдар, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, мемлекеттiң қатысуы жүз проценттi құрайтын не мемлекеттiк тапсырыс және (немесе) мемлекеттiк сатып алу шарттарына сәйкес тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) ұсынатын, өздерiнiң құзыреттерiне сәйкес жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерi бойынша шешiмдердi қарауға және қабылдауға құқылы заңды тұлғалар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша оларға тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) жеткізуге (орындауға, көрсетуге) шарт жасасқан ірі кәсіпкерлік субъектілері;


6) өтiнiштi есепке алу - өтiнiштi қабылдау және қарау жөнiндегi мәлiметтердi тiркеу және оларды мемлекеттiк құқықтық статистикалық есептiлiкте көрсету; 


7) өтiнiштi қабылдау - субъектiнiң, лауазымды тұлғаның жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қабылдау жөнiндегi iс-әрекетi; 


8) өтiнiштi қарау - субъектiнiң, лауазымды тұлғаның тiркелген өтiнiш бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыретiнiң шегiнде шешiм қабылдауы; 


9) өтiнiштi тiркеу - ақпараттық есепке алу құжатында өтiнiштiң мазмұны бойынша қысқаша деректердi тiркеу және келiп түскен әрбiр өтiнiшке тiркеу нөмiрiн беру; 


10) сауал - адамның жеке немесе қоғамдық сипаттағы қызығушылық туғызатын мәселелер бойынша ақпарат беру туралы өтiнiшi; 


11) ұсыныс - адамның заңдарды және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi, мемлекеттiк органдардың қызметiн жетiлдiру, қоғамдық қатынастарды дамыту, мемлекет пен қоғамның әлеуметтiк-экономикалық және өзге де қызметi салаларын жақсарту жөнiндегi ұсынымы; 


12) үн қосу - адамның мемлекет жүргiзiп отырған iшкi және сыртқы саясатқа, сондай-ақ қоғамдық сипаттағы оқиғалар мен құбылыстарға өз көзқарасын бiлдiруi; 


13) шағым – адамның өзiнiң немесе басқа адамдардың бұзылған құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерiн қалпына келтiру немесе қорғау туралы, мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекет жүз пайыз қатысатын не мемлекеттік тапсырыс және (немесе) мемлекеттік сатып алу шарттарына сәйкес тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) ұсынатын заңды тұлғалардың, өздеріне тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) жеткізуге (орындауға, көрсетуге) шарт жасасқан жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілерінің, олардың лауазымды адамдарының заңсыз іс-әрекеттерін немесе әрекетсіздігін жою, сондай-ақ олардың заңсыз шешiмдерiнiң күшiн жою туралы талабы.


Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.


2-бап. Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы 


1. Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының  Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.   


2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда белгiленгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады. 


3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы 


1. Осы Заңның күшi өтiнiштер берген жеке және заңды тұлғаларға, өтiнiштердi қарайтын субъектiлер мен лауазымды тұлғаларға қолданылады. 


2. Осы Заңның күшi қарау тәртiбi Қазақстан Республикасының  әкiмшiлiк құқық бұзушылық, қылмыстық iс жүргiзу, азаматтық iс жүргiзу туралы заңнамасында белгiленген жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiне қолданылмайды.


2-1. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шағымдарды қарау мерзімдері «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді.


3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, мемлекеттiк тапсырыс және (немесе) мемлекеттiк сатып алу шарттарына сәйкес тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) ұсынатын заңды тұлғалар осы Заңға сәйкес аталған тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) ұсыну мәселелерi бойынша өтiнiштердi қарайды.


Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.04.2013 N 89-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

 

Толық нұсқасын жүктеу...